Жаңалықтар

Ақтөбедегі жылу электр орталығына – 80 жыл

Бүгін қалалық мәдениет үйінде Ақтөбе жылу электр орталығының 80 жылдық мерейтойы атап өтілді.

Салтанатты шараға Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Гүлқасима Сүйінтаева, қала әкімі Мұрат Жөребеков, Ақтөбе жылу электр орталығының басшылығы мен ардагерлері, қызметкерлері қатысты.

Ақтөбе жылу электр орталығы – Ақтөбе халқы мен кәсіпорындарын орталықтандырылған жылу және электрмен жабдықтаудың жалғыз көзі. Станция өнеркәсіптік тоқты 1943 жылдан бастап өндіріп келеді. 1945 жылы стансаның қуаттылығы 50 мегаваттқа жетті. Кәсіпорында 2020 жылы ауқымды жаңғырту басталды. Өткен жылы стансада қосымша қуаттарды қосу-баптау жұмыстарының соңғы кезеңі жүзеге асырылды. Қуаттылығы 57 МВт болатын газ турбиналық қондырғы іске қосылды. Ақтөбе облысының энергетикалық әлеуетін күшейтуге және өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жоба 40-тан астам ақтөбелікті жұмыспен қамтыды. Жалпы, орталықта 600-ге жуық қызметкер бар.

«Ақтөбе жылу электр орталығы» АҚ Басқарма басшысы Бахтияр Ізбасаров 80 жыл ішінде станция қалыптасудың, гүлденудің, қиындықтарды жеңудің, еңбек жетістіктерінің жолынан өткенін айтып өтті.

Облыс әкімінің орынбасары Гүлқасима Сүйінтаева өңір басшысы Ералы Тоғжановтың атынан құттықтау сөз сөйлеп, жылу электр орталығының қала үшін маңыздылығына тоқталды.

«1943 жылдан бері жоғары білікті және тату ұжымның қажырлы еңбегінің арқасында кәсіпорын тұрақты жұмыс істеп келеді. Облыстың энергетикалық қауіпсіздігін нығайту мақсатында кәсіпорынмен инвестициялар тартылып, энергонысандарды жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Атап айтсақ, қуаты 57 МВт болатын Газ турбиналық қондырғының құрылысы жүргізілді. Облыс әкімі қондырғының алғашқы іске қосылуына қатысып, қажырлы еңбектеріңізге алғысын білдірді», – деді облыс әкімінің орынбасары Гүлқасима Сүйінтаева.

Шара соңы марапаттау рәсімімен аяқталды. Орталықтың Өндірістік-техникалық бөлімнің инженері – Ақиваш Шушкареева мен  стансаның ауысым бастығы Хамит Сүтемгенов Ақтөбе облысы әкімінің «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілерін иеленді. Сондай-ақ, бірқатар қызметкер Ақтөбе облысы әкімінің Құрмет грамотасы, алғыс хаттарымен марапатталды.

А.МӘЛІКҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button